«Сақ стилі» сериясының 500 теңгелік банкноттары айналымға шықты
Қазақстан ұлттық банкі (ҚҰБ) жаңа дизайндағы номиналы 500 теңгелік банкноттарды ресми түрде айналысқа шығарды. Бұл – ұлттық валютаның «Сақ стилі» сериясымен шығарылған бесінші банкноты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған серия көшпенділер өркениетінің терең тарихын, бүгінгі Қазақстанның бірегей мәдени мұрасын және дәстүрлі қазақы ою-өрнектің бастауында тұрған «Сақ стилі» элементтерін кеңінен қамтиды. Жаңа банкноттың көркемдік тұжырымдамасы халқымыздың табиғатпен, дүниетаныммен және рухани құндылықтармен байланысын бейнелеуге негізделген.
Қазақстан ұлттық банкінің мәліметінше, жаңа банкнот жаппай қолданысқа 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап енгізіледі. Бұған себеп – банкноттарды еліміздің барлық өңіріне жеткізу, сондай-ақ банкоматтар, төлем терминалдары және өзге де кассалық техникаларды жаңа үлгіге бейімдеу үшін қосымша уақыттың қажеттілігі.
Номиналы 500 теңгелік жаңа банкноттың негізгі түсі – көк. Дизайнында сақ дәуірінің символикасы мен ұлттық нақыш айқын көрініс тапқан.
Банкноттың бет жағында: көкте қалықтаған құспен бірге бейнеленген «Бәйтеректің» бұтағы (Есік қорғанынан табылған, б.з.д. V-IV ғасырларға жататын Алтын адам бас киімінің әшекейі). Бұл бейне табиғат пен наным-сенімнің өзара байланысын білдіреді; ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен үйлесімін меңзейтін ою-өрнекпен көмкерілген шексіздік символы; Берел қорғанынан табылған (б.з.д. VIII-VII ғғ., Шығыс Қазақстан облысы) арқардың басы түріндегі әшекей фрагменті.
Банкноттың артқы жағында: ою-өрнекпен безендірілген қалқан аясында Қазақстан аумағында мекендейтін арқар бейнесі; негізгі бейненің артында бірнеше мағынаға ие қазақы ою-өрнек орналасқан. Атап айтқанда, «қалқан» – ұлттық құндылықтардың қорғанын, ежелгі символ – дүниенің төрт құбыласын, ал ортасындағы күн белгісі жасампаз энергияны білдіреді; банкноттың орталық бөлігінде қазақы «шексіздік» ою-өрнегінің контуры салынып, оның ішінде Мұзтау тауының ландшафтық көрінісі бейнеленген.
Жаңа үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар 2017 жылғы үлгідегі 500 теңгелік банкноттармен бірге екі жыл бойы қатар жүреді. Яғни ескі үлгідегі банкноттар 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін біртіндеп айналыстан шығарылады.
Осы кезеңде азаматтардың ескі банкноттарды арнайы барып айырбастауы міндетті емес. Жаңа және ескі үлгідегі банкноттар айналыста қатар жүрген уақытта заңды төлем құралы болып есептеледі және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру үшін қабылдануға тиіс.
2027 жылғы 25 желтоқсаннан бастап ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейдегі банктер мен Қазпошта бөлімшелерінде үш жыл ішінде, яғни 2030 жылғы 24 желтоқсанға дейін айырбастауға мүмкіндік бар. Ал Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдарында ескі банкноттар мерзімсіз айырбасталады.
Жаңа банкноттар ҚҰБ-ның барлық филиалдарында, Қазпоштада, екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында шектеусіз қабылданып, айырбасталады.
Қазақстан ұлттық банкі заңды төлем құралы болып саналатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.