KZ
Өскемен
-5°
плотный туман жел 3 м/с, С
505.53 593.44 6.34

Жаңа жыл қарсаңында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік күшейтілді

26.12.2025, 13:30 126 Ержан Әбіш

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар күшейтілді. Республика аумағында «Құқықтық тәртіп», «Шырша» және «Пиротехника» атты жедел алдын алу іс-шаралары өткізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған профилактикалық шаралар 20 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығын қамтиды. Негізгі мақсат – мерекелік күндері қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті сақтау. Полиция қызметкерлері үшін бұл кезеңде қызметтің күшейтілген режимі енгізілген.

Мереке күндерінің тыныш әрі оқыс оқиғаларсыз өтуі үшін полиция басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, көшелерде, тұрғын үйлердің аулаларында, сауда орталықтарында, демалыс орындары мен халық көп жиналатын алаңдарда патрульдеу жұмыстарын арттырды. Әсіресе жаңа жылдық шыршалар орнатылған қоғамдық орындар мен мерекелік іс-шаралар өтетін аумақтарға ерекше назар аударылуда.

Сонымен қатар алдын алу және түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Жасөспірімдер мен жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау, көші-қон заңнамасының талаптарын орындау мәселелері бақылауға алынған. Бұдан бөлек алкоголь өнімдерінің, есірткі заттарының және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына тосқауыл қою шаралары күшейтілді.

Ішкі істер министрлігі жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбаудың салдарынан жарақат алу, өрт шығу және түрлі жазатайым оқиғалардың жиілейтінін еске салады. Осыған байланысты полиция өртке қарсы қызметпен бірлесіп, пиротехникалық өнімдердің заңды айналымын бақылау бойынша арнайы іс-шаралар өткізуде. Биыл республика бойынша төрт мыңнан астам тексеру жүргізіліп, шамамен бес жүзге жуық заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде сегіз мыңнан астам сертификатталмаған әрі қауіпті пиротехникалық бұйым тәркіленді.

Құқық қорғау органдары азаматтарға пиротехникалық өнімдерді тек ресми және арнайы сауда орындарынан ғана сатып алуды ұсынады. Сатып алу кезінде міндетті түрде сәйкестік сертификатының болуына назар аудару, қолдану жөніндегі нұсқаулықты мұқият оқып шығу және өнімнің жарамдылық мерзімін тексеру қажет.

Мерзімі өткен пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға, сондай-ақ оларды балалардың ересектердің бақылауынсыз қолдануына қатаң тыйым салынады. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау – өзіңіздің ғана емес, жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң талаптарын сақтауға, мерекелік күндері қоғамдық тәртіпті бұзбауға және қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу