KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,7 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Өскеменде «Алтай жұлдызы-2019» жарысы басталды

12.11.2019, 12:10 173

Өскеменде суда жүзуден «Алтай жұлдызы-2019» атты республикалық дода басталды. Облысымызда осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген жасы 15-ке дейінгі 150-ге жуық спортшы бақ сынауда.

Турнирдің бас төрешісі Артур Рейманның айтуынша, Шығыс Қазақстанда былтырға дейін суда жүзуден республикалық бәсекелер өтіп көрмепті, Өскемендегі алып бассейн орталығында ұйымдастырылған жарыстардың ең ірісі облыстық деңгейді ғана қамтыған екен. Ал 2018 жылдың қарашасында жалауын желбіреткен тұңғыш «Алтай жұлдызына» ұзын саны 200-ден астам жас спортшы қатысқан-ды.
– Доданың ұйымдастырылу деңгейіне қатысты тағар мініміз жоқ, бәрі ойдағыдай. Қатысушылар дайындығы да жақсы. Жалпы, биылғы турнирде спортшылар түрлі қашықтықтарға шалқалап, брасс, баттерфляй және еркін әдістермен жүзіп, өзара мықтыны анықтайтын болады. Арасында бұған дейінгі бәсекелерде үздіктер қатарынан көрінген жастар да бар. Мәселен, өскемендік Таисия Короткова осыдан біраз бұрын Ақтөбе қаласында өткен «Ақтөбе үміттері» жарысында бір өзі ғана төрт алтын медаль жеңіп алған болатын. Осы ретте соңғы бірнеше жылда шығысқазақстандық жүзушілер айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өткім келеді. Ел құрамасының бапкерлері әсіресе, Иван Головня, Анна Блинова, Әлихан Байшалов, Карина Сәбитова, Милена Амент сияқты жастарға зор үміт артып отыр, – дейді А.Рейман.
Еске салайық, былтырғы турнир қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының атынан сынға түскен үш спортшы жүлдегерлер қатарынан көрінген еді. Атап айтсақ, Елизавета Чернышева 100 метрге брасс әдісімен жүзуде үшінші нәтиже көрсетсе, Никита Арефьев те екі сайыста (50 және 100 метрге шалқалап жүзу) үздік үштікті түйіндей білді. Ал ең жоғары нәтижеге 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзу сайысында топ жарған Нұрәли Советқанов ие болған.
Айта кетейік, Өскемендегі орталық бассейн ғимаратында өтіп жатқан турнир үш күнге созылады. Жарыс барысында қатысушылар алты дисциплина бойынша өзара мықтыны анықтамақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив