KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 5 м/с, С
441.44 473.09 4.75

Бүгін өскемендіктер Әзірбайжан асханасының тағамдарынан дәм татты (ФОТОРЕПОРТАЖ)

8.11.2019, 13:06 124

Бүгін өскемендіктер дастархан сәні қонақ деп білетін Әзірбайжан халқының асханасымен танысып жатыр, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.

Айран, кята, кәуәп, люля кебаб, тандыр нан, күріш, долма осының бәрін жайылған ақ дастархан үстінен табасыз. Мерекені тойлауға жиылған жұрт тіл үйірер тәтті тағамнан дәм татып қана қоймай, олар туралы анықтама алды. Аталмыш шараның өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімдігі мұрындық болған. Шығармашылық пен достықты мақсат еткен мерекені «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Достық үйінің этномәдени бірлестіктері ұйымдастырып отыр.

-        Бүгін міне Достық үйінде Әзірбайжан халқының асханасы күнін атап өтіп жатырмыз. Әрине біз өз кезегімізде осындай шараны қолдап жатқан қазақ халқына алғысымызды білдіреміз,  - дейді ШҚО Әзірбайжан қауымдастығының төрағасы Мариф Фараджев.

Әлем халықтарына көне тарихымен әрі әртектілігімен танылған Әзірбайжан асханасының тағамдары: сүт, ет, балық, ұн және көкөністен жасалады. Сондай-ақ әзірбайжан асханасында әртүрлі дәмдеуіштер мен хош иісті аскөктер: вазари, жасыл және қара рейхан, ащы бұрыш, тмин, кинза, шафран, сумахи қолданылады. Дастархандағы алуан түрлі тағамды Эльмира Фараджева, Коннюль Алиева, Гарагез Губайт қызы Исмрилова және басқалары пісірген.

-        Мерекеге долманың үш түрін пісіріп алып келдік. Әрине, соның ішіндегі ең дәмдісі жүзім жапырағынан дайындалған түрі. Құрамында: қой еті, бұрыш, күріш, кинза. Жалпы айтқанда, біздің асханамызда көп тағамға аскөк қосылады, - дейді Эльмира Фараджева.

Шаһар жұртшылығы бұл күні ақ дастарханнан дәм татып, концерт тамашалады, түрлі ойындарға белсене қатысты. Әзірбайжанның ұлттық әндері шырқалып, биі орындалды. Әзірбайжан мақал-мәтелдерін айтқан қатысушылар сыйлық алып мәз болды. «Арбаны ат тартпайды, арпа тартады» деп әзірбайжан халқы айтпақшы, қолдан пісірген құнары мол тағамдардан дәм татқан көпшілік қауым Мәдениет сарайынан көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив