KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, СБ
511.22 540.05 4.73

Өскемен өзгеше Бауыржанды күтеді

1.11.2019, 09:09 194

«Періштедей пәк күліп, аулақ тұрып, Жолатпадың жаныңа қар лақтырып...». Ақын жігіттің жазғаны айтпаса да түсінікті. Алайда қарша бораған оққа кеудесін тоса алатын азаматтың, қыз лақтырған қарға қарсы аттап баса алмауы қалай? Бұндай нәзіктік ақын Бауыржан Игілікке тән! Өскеменде жас ақынның кеші өтті.

«Ақ қанат қар қалықтап жауа түсіп, ай астында ойнап ек қар атысып...» деп, кешті өлеңдете бастады ақын. Бұл уақытта облыстық Пушкин атындағы кітапханаға жиналған қауым сілтідей тынған еді. Жырға жаны құмар жастар ынтыға түсті, білем. Тарбағатайда туып, Семейде түлеген жас ақын оқырмандарының сауалына жауап беріп, еркін сұхбат құрды.

Сөз арасында айта кетейік, Бауыржан Иігілік республикалық мүшәйралардың неше дүркін жеңімпазы. Жіпке тізіп жатпалық. Жақында жыр жинағы жарыққа шығады. Алдия оқырман бағасын бере жатар. Бізше, Бауыржан жолын тапқан ақын. Жолдасың Қыдыр болсын дейміз.

Кеш барысында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан құрылған «Шам-шырақ» ұйымының жастары ақын өлеңдерінің желісімен дайындаған қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.

– Бауыржан – ақын. Сөзі жүйелі, түзу, ұқыпты. Тура өзінің мінезі сияқты. Өз жолын тапқан ақын. Енді тек жаза түссе болғаны. Мен тек сәттілік тілеймін, – дейді ақын, Жазушылар одағының мүшесі Қалқаман Сарин.

Кеш соңында Бауыржан Игіліктің үзеңгілес дос-жарандары ізгі тілектерін айтты.

Ақынның жоғарыдағы өлеңі «Бүгін де себелеп тұр алғашқы қар, Сағыныш, ақ махаббат, қанбас құмар» деп аяқталады. Өскемендік жастардың Бауыржан өлеңдеріне деген құмары қанды, қанбады. Кім біледі? Әйтеуір, ақ қанат қар қалықтап жауа түссе, ақ пейіл оқырман оны сағына еске алары сөзсіз. Әрине, бұл Бауыржан Өскеменге енді келмейді деген сөз емес. Кітабы шығатынын айттық. Өскемен келесіде екінші тынысы ашылған, өзгеше Бауыржанды асыға күтеді.  

 

    

   

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу