Бір рейдтің өзінде 774 заңсыз ау анықталды - ШҚО
Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасында рұқсатсыз құрылған аулардан 688 келі балық тәркіленді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қазанның 8-12 аралығында ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінде рейд жүргізді. Инспекторлар аталған учаскелерден рұқсатсыз орнатылған 774 ау анықтаған. Мамандардың айтуынша, аулардың көзі құртылыпты. Алайда, 688 келі балық өлген. Олардың ішінде көксерке, шабақ, шортан және алабұға бар.
– Рейд барысында балық аулау ережесін бұзушылықтар анықталды, соның нәтижесінде 9 құқық бұзушыға 383 бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, - деп хабарлады ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы.
Айта кетсек, рейдті жүргізу үшін инспекторларға 3 теплоход, 2 катер, 11 моторлы қайық, 5 машина және 24 адам жұмылдырылды.