ШҚО әкімі: Өскеменде бес жұлдызды қонақүйлер бой көтеруі тиіс
Бүгінде Өскемен шаһары облыс орталығын, іргедегі Ұлан және Глубокое аудандарын бір сағат уақыттың аясында біріктіретін «Қала – Таулар – Көлдер» туристік кластерінің өзегіне айналып отыр. Көз тартар тамаша табиғат, мәдени, тарихи және рекреациялық нысандардың басым бөлігі қалаға қолжетімді жақында орналасқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қалалық орта мен табиғи ландшафтардың бірегей үйлесімі мәдени, гастрономиялық, іс-шаралық, белсенді және сауықтыру туризмін дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Мұндағы басым бағыттарға жағалаулар мен мәдени мұра аумақтарын дамыту, «Ақбауыр» археологиялық паркін жаңғырту, тау шаңғысы және рекреациялық аймақтарды жетілдіру, көпфункционалды концерт орталығын салу, сондай-ақ халықаралық қонақүй желілерін тарту жобалары кіреді.
Көрер көзге Шығыстың алтын алқасындай әсер сыйлайтын бас шаһарда қызмет көрсету саласы да қарқынды дамып келеді. Қалада «Qurt & Vine» және «Две реки» мейрамханалары жұмыс істейді. Аталған нысандар ABBA Awards нұсқасы бойынша Қазақстандағы үздік 20 мекеменің қатарына енген. Бұдан бөлек, қала маңында орналасқан «The Forest» кешені де бар.
Өндірісті қала Өскеменде жыл он-екі ай туризмді дамытуға әлеует жеткілікті. Жаз мезгілінде ресми жағажайлар мен танымал демалыс аймақтары жұмыс істесе, қыс маусымында тұрғындар мен туристер арасында үлкен сұранысқа ие мұз айдындары мен тау шаңғысы базалары туристерге есігін айқара ашады.
Бұлармен бірге, қалада орналастыру орындарының тапшылығы да сақталуда. Қазіргі таңда 66 орналастыру нысаны жұмыс істейді, онда 1 165 нөмір және 2 326 төсек-орын бар.
Жыл басынан бері қаланы 108 мың адам аралап, тамашалаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайызға төмен.
Туризмді дамыту – бұл инфрақұрылым, жолдар, сапалы байланыс, қауіпсіздік, жол бойындағы сервистер, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету сапасы екені айқын. Осы бағыттардағы мәселелерді шешу жоспарлы түрде жүргізілуде.
Дәурен Аллабергенұлы
Махаббат Ахметжанова
Артем Жигулин


