Өскеменде ауызсу мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде: 100 пайызға бір қадам қалды
Өскемен қаласында ауызсумен қамту мәселесі нақты шешімдер арқылы алға жылжып келеді. Комсомольский (Лесхоз) шағын ауданында су құбыры желілерін қайта жаңарту аяқталуға жақын, нәтижесінде келер жылы бұл аумақ орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтылады. Ал Жаңа Согра шағын ауданында қаланың су тазарту жүйесін жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Мұнда қолданыстағы тазарту нысандары жаңартылып, келесі кезеңде жаңа жүйе құрылысы жоспарланған, деп хабарлайды Altainews.kz.
Өскемен қаласын сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Қала тұрғындарымен өткен кездесуде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауызсумен қамту және су тазарту инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне арнайы тоқталып, алдағы жоспарларды ортаға салды.
2024 жылы қалада бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Достық» көшесі бойында су құбыры желілері салынды, ал «Рабочая» көшесінде сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Бұл жобаларға 240 млн және 124,8 млн теңге бағытталды.
Қазіргі таңда Комсомольский кентінде (Лесхоз шағын ауданы) су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталу сатысында. Жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын бұл жоба іске қосылғаннан кейін Өскемен қаласы бойынша орталықтандырылған ауызсуға қолжетімділік 100 пайызға жетпек.
Сонымен қатар, облыс әкімі тек қамту көрсеткішімен шектелмей, су жүйесінің сенімділігін арттыру, апаттық жағдайлардың алдын алу және су шығынын азайту мәселелерінің маңыздылығына назар аударды. Әсіресе, тозығы жеткен желілер мен негізгі тазарту нысандарын жаңғырту күн тәртібінен түскен емес.
Аталған жұмыстар аясында Жаңа Согра шағын ауданындағы тазарту құрылыстарында №1 биофильтр ғимаратын қайта жаңарту аяқталуға жақын. Бұл жобаға 324 млн теңге бөлінген. Келесі кезеңде Жаңа Сограда су тазарту жүйесін салу көзделіп отыр. Қазіргі таңда бұл жобаға бастапқы кезеңде 280 млн теңге қарастырылған, алайда жалпы құны 20,7 млрд теңгені құрайды.
Қаланың су тазарту жүйесіндегі ең ірі әрі стратегиялық нысан – сол жағалауда орналасқан тазарту құрылыстары. Қазір бұл нысандарды қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жоба аясында тазарту қуатын тәулігіне 98 мың текше метрден 134 мың текше метрге дейін арттыру жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша аймақ басшысы Өскемен қаласының әкіміне және Энергетика әрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, су құбыры желілері мен тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту жобаларын сапалы әрі уақтылы іске асыру, сондай-ақ 2026 жылға арналған республикалық бюджеттен Жаңа Согра кентіндегі тазарту құрылыстарын салуға қаржы тарту мәселесін пысықтау тапсырылды.



