KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
507.05 594.82 6.51

Өскемендегі көлік инфрақұрылымы: өзекті мәселелер мен нақты шешімдер

22.12.2025, 10:40 345 Базарова Айгүл

Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір үшін аса маңызды бағыттардың бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Бұл сала соңғы жылдары жүйелі түрде жаңғыртылып келе жатқанымен, облыс орталығы үшін әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен былтыр Бұқтырма көпірі пайдалануға беріліп, өңірдің көлік қатынасына тың серпін берді. Ал биыл Катонқарағай және Зайсан аудандарында заманауи әуежайлар салынып жатыр. Бұл жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, шалғай аудандардың қолжетімділігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 710 шақырым жол жөндеуден өтсе, биыл бұл көрсеткіш 856 шақырымға жетті. Сонымен қатар «Майқапшағай» және «Уба» өткізу бекеттері жаңғыртылып, Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Серебрянск қалаларындағы бес теміржол вокзалы қайта жаңартылуда.

Өңірде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Өскемен – Алтай – Рахман қайнары автожолын қайта жаңғырту жалғасуда. Қытаймен шекараға шығатын Қалбатау – Майқапшағай тасжолы толық жаңартылып, сондай-ақ өңірді елдің оңтүстігімен байланыстыратын Талдықорған – Қалбатау – Өскемен бағытындағы жолдың модернизациясы аяқталды. Абай облысының Семей қаласына баратын жол жөнделіп, Риддер мен Шемонаиха бағытындағы трассаларда жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Өскемен қаласының өзінде былтыр 49,9 шақырым жол мен көше жөнделсе, биыл 71 шақырымды қамтитын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл қалаішілік қозғалысты айтарлықтай жақсартуға бағытталған.

Сонымен бірге, Ертіс пен Үлбі өзендері қаланың жоспарлау құрылымында табиғи кедергі болып отыр. Осыған байланысты көлік жүктемесін азайту, қаланың әр бөлігін өзара байланыстыру мақсатында жаңа көпір өткелдерін салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда Виноградов көшесі ауданында Ертіс өзені арқылы жаңа көпір салу жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұдан бөлек, Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында, сондай-ақ Жеңіс даңғылы – Славский жағалауы – Пермитин көшесі бағытында екі ірі көлік айрығының құрылысы жүргізілуде. Шнайдер көпірінің орнына жаңа көпір салу мәселесі де ерекше бақылауда.

Кездесу барысында қоғамдық көлік мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыс орталығында қоғамдық көлік қызметінің сапасына қатысты тұрғындардан әлі де көптеген өтініш-шағымдар түсіп отырғаны айтылды. Бұл мәселенің өзектілігін облыс әкімі жақсы күндердің бірінде өзі де қоғамдық көлікке мініп, жолаушылармен тікелей тілдесу арқылы көзбен көрген еді. Тұрғындармен болған сол әңгімелер қоғамдық көлік саласындағы проблемаларды нақты шешу қажеттігін айқындап отыр.

Жолаушылар тасымалын тұрақты қамтамасыз ету және автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту мақсатында тасымалдаушыларға бюджеттен субсидия бөлінуде. 2025 жылы бұл мақсатқа 9,3 млрд теңге бағытталып, өткен жылмен салыстырғанда субсидия көлемі 1,5 есеге артты. Нәтижесінде жаңа автобустар мен шағын автобустар сатып алынды.

Алдағы уақытта Өскеменде «мобильділік – қызмет ретінде» моделін енгізу, интеллектуалды көлік жүйелері мен цифрлық басқару тетіктерін қолдану жоспарланып отыр. Қала пилоттық алаң ретінде қарастырылып, бұл шешімдер көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттырып, көлік кептелістерін азайтуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты облыс әкімі қала әкімдігіне және жауапты басқармаларға қоғамдық көліктің сапасы мен қозғалыс тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстау, ірі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақытында жүзеге асыру, сондай-ақ көше-жол желісінің өткізу мүмкіндігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырмалар берді.


Артем Жигулин 

Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу