Тоқтан тарығып отырған ауылға жарық тартылатын болды – ШҚО
Глубокое ауданы Прапорщиково ауылында бір көшенің халқы 10 жылдың бедерінде электр қуатынан тарығып отырғанын жазып едік ("Екі үйдікін қосып төлейміз" Өскеменнің іргесіндегі ауыл тоқтан тарығып отыр). Жуықта осы мәселеге қатысты жағымды хабар жетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Біз мән-жайды көзбен көріп келген соң, Шығыс аймақтық энергетикалық компаниясына ресми сауал жолдағанбыз. Компания басшысының атынан 2 қазан күні келген жауапта 20-дан астам үйге жарық тартуға кедергі келтіріп тұрған жоғарывольтті сымдар алынатыны жазылған болатын. Енді, міне, ауыл тұрғындары сол сөздің іске асырыла бастағанын қуана хабарлап отыр.
– Кедергі келтіріп тұрған сымдар алынды. Компания басшылығы енді үйімізге жарық тартуға рұқсат берілетінін айтты, – дейді жылдар бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей, әкімдік пен өзге де құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып жүрген Парасат Зұлқаршын – ауыл тұрғыны.
Бұл істі соңына дейін жеткенше «Алтайньюс» ақпараттық порталы бақылауда ұстайды.
Ауылдағы жарық мәселесін көтерген бейнесюжет. 13.09.2019 ж.