"Екі үйдікін қосып төлейміз" Өскеменнің іргесіндегі ауыл тоқтан тарығып отыр (ВИДЕО)
Глубокое ауданы Прапорщиково ауылында бір көшенің халқы 10 жылдың бедерінде электр қуатынан тарығып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Мен осы Шәкәрім көшесінің тұрғынымын. Бізде 2007 жылдан бері жарық жоқ. Қаншама уақыт бойы құжат жинап, өтініш жаздық, бірақ жарыққа жол ашылмай отыр. Көшедегі үйлердің үстінен әуежайға қарай жоғарывольтті – алты мың ваттық сым өтіп тұр. Бастапқыда аудан әкімдігі сымды көшенің шетімен айналдырып тартқызамыз, содан кейін сіздерге жарық беріледі деді. Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясы мәселе шешіледі, жоспарда бар деді. Бірақ арада екі жыл өтіп, қайтадан барғанымызда, әкім ауысқан екен, тағы екі жыл күтіңдер, мына сымды жобаға енгіземіз, тендерге саламыз, сосын жарық тартамыз деді. Осылай уақыт өтті. Жарық әлі жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Парасат Зұлқаршын.
Тұрғындардың айтуынша,, көшеде 20-дан астам үй бар. Солардың бес-алтауы үйлеріне өз күштерімен жарық тартып алыпты. Басқа 15 шақты шаңырақ сол көршілерінен жалғап алып отыр.
– Жарықты көршілерден алып отырмыз. Айына екі үйдікін қосып төлейміз. Аз дегенде 15 мың теңге шығады. Ақшаны уақытылы бермей қалсаң, үзіп тастайды. Бала-шағамызбен кейде қараңғыда қаламыз, – дейді Парасат.
Осы сәтте көше бойына халық жиналғанын естіген ауыл әкімі мен аудандық ішкі саясат және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшылары келді.
– Жарық туралы мәселе 2007 жылдан бері келе жатыр. Біздің Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниямен келісімшартымыз бар. Олар келесі жылдың жоспарына қосқан. Көшеге бағандар орнатып, бақылау-өткізу бекетін қояды да, жарық тартып береді. Мұндағы бір-біріне жалғап қойған сымдарды алып, істі заңды түрде істемек. Соңғы мерзім сол – келесі жыл, – деді Ертіс ауылдық округінің әкімі Ерлан Жұмағұлов.
Алайда ауыл әкімінің бұл сөзімен бөлім басшысының айтқаны сәйкеспейтіндей. Келесі жыл соңғы мерзім дегенімен де, олардың ұсынысына аудандық әкімдік пен энергетикалық компаниядан нақты жауап берілмепті.
– Шәкәрім көшесінің ең ауыр мәселесі – электр қуаты. Мұнда жарықтың қуаттылығы жетпей тұр. Күшін арттыру үшін трансформатор қоюға шешім қабылдап жатырмыз. Бюджетті қарастыратын органдарға, яғни аудан әкімдігі мен Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компанияға тапсырыс берілді. Сол жақтан шешім күтіп отырмыз, – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рахат Әбуғалий.
Рахат мырза айтқандай, көшенің ең ауыр мәселесі – электр қуаты. Одан өзге де шешуісіз түйіндер көп. Мәселен, көшенің қос қапталын қалың қамыс басқан. Әркім, шамасы жеткенше, өз аулаларын ғана шауып тастайды.
– Қыста жол болмайды. Қары күрелмей қалады. Осы көшеде, алланың бергені, ылғи балалы үйлер тұрамыз. Аялдама алыс, балалар Прапорщиктегі мектепке бару үшін әуежай жақтағы аялдамаға сабылады. Аялдама 20 минуттай қашық жерде. Жолда көлік қағып кете ме деп қорқып отырамыз. Мына маңайға №351 автобус тоқтамайды. Осындай мәселелеріміз шешілгенін тілейміз, – дейді көшенің тағы бір тұрғыны Айдын.
Иә, тұрғындар нақты іс істелгенін қалайды. «Бұрын берген уәделерін бүгін де қайталады» деп, ауыл әкімі мен бөлім басшыларының сөзіне сенбейтіндіктерін айтты. Басқа жаққа көшіп-ақ кеткілері келгенімен, жарық тартылмаған үйлерін ешкімге өткізе алмай отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, Прапорщиково ауылы Глубокое ауданына қарағанымен, дәл осы Шәкәрім көшесі Өскеменнің аумағында тұр. «Осынау 20 шаңырақтың мәселесін аудан шеше алмаса, облыс орталығына-ақ қаратсыншы. Сол жақтан қайыр болатын шығар» деп ашынады ағайын.