Алдағы жылдың аяғына дейін көлік жүруі тиіс - Асқар Мамин
Бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге аймақ аумағында жүргізіліп жатқан республикалық дәрежедегі Омбы – Майқапшағай және Талдықорған – Өскемен жолдарының құрылысымен танысты. Омбы-Майқапшағай трассасының 910 шақырымында, яғни Қалбатау ауылының маңайында үкіметтік делегацияны құрылыс компаниялары мен сала мамандары күтіп алды.
Талдықорғаннан Өскеменге дейінгі жолдың 880-1073 шақырымдарын итальяндық «Тодини Централ Азия» мердігер компаниясы салуда. Құрылыстың жалпы құны 67,1 миллиард теңгені құрайды. Жол бойында 31 көпір тұрғызылып, су өткізуге арналған 176 құбыр төселмек.
Үкімет басшысы аталмыш мердігердің жұмысына ризашылығын білдіріп, жоғары бағасын берді. Компания жұмыстарды қарқынды атқаруда, әрі жолдың сапасы да өз дәрежесінде. Олардың жол бойында екі бірдей зауыты жұмыс істеп тұр. Істерінде кідіріс жоқ.
Қалбатау – Майқапшағай трассасының 906-1090 шақырымдарында «СП ҚазГерҚұрылыс» ЖШС жұмыс атқаруда. Бұл – Қалбатау ауылынан бастап Тарбағатай ауданының аумағына дейінгі аралық. Өздеріне берілген 184 км жолды 80 миллиард теңге қаржыға салып шығулары тиіс. Жол бөлігінде 18 көпір мен 214 су өткізу құбыры болады.
Осы жолдың 1090-шы және 1321-ші шақырымдары аралығында қытайлық «Сhina Xing-Xing Group Co LTD» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Олар Майқапшағайдан бастап Тарбағатай ауданындағы Қабанбай ауылы тұсына дейінгі жолды жөндеуде. 231 шақырым жолды салуға 78,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл аралықта 15 көпір мен 230 су құбыры салынады.
– Байқауымша «Тодини Централ Азия» компаниясының ісі көш ілгері екен. Олар екі есе көп жұмыс тындырған. Ал «Қазгерстрой» мен «Сhina Xing-Xing Group Co LTD» компанияларына құрылысты ширату қажет. Жұмыстың келесі жылға жоспарланған көлемі тым көп екенін естен шығармаңыздар. Ескертіп айтарым, алдағы жылдың аяғына дейін бұл жолдармен көліктер жүруі тиіс. Өзге абаттандыру жұмыстары кейін атқарылады. Ең бастысы – көліктер қозғалысына жол ашу. Міндет – осы, – деп қадап тапсырды Асқар Ұзақбайұлы.
Қытайлық компания өкілдері өздерінде 190 бірлік техника бар екенін, алдағы уақытта Қытайдан тағы қосымша техника жеткізілетінін мәлімдеді. Жұмысшылары да жеткілікті екен. Жергілікті жерден 470 адамды қабылдаған. Премьер-министр жуық арада өзінің қытайлық әріптесімен кездесетінін, сол жүздесу барысында аталмыш компанияның жұмысы да сөз болатынын айтты. Яғни, іс екі ел үкіметінің жіті назарында.
«ҚазГерҚҰрылыс» та жұмысты дер кезінде аяқтайтындарына сендірді.
Премьер-министр құрылысшыларға табыс тілеп, Үкімет тарапынан да, облыстағы атқарушы билік тарапынан да жол құрылысын ілгерілетуге қатысты барлық қажетті жағдайлар жасалатынын мәлімдеді.