KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Президенттік жастар қадрлық резервіне қабылдау басталды

30.09.2019, 15:37 226

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жыл жастар жылы деп жарияланған еді. Осыған байланысты жастар үшін және олардың кәсіби тұрғыдан дамуы үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кірісер алдындағы ұлықтау рәсімінде елімізді дамытуда жастардың потенциалының ерекше екенін айтып, «Президенттік жастар кадрлық резервін» жасақтауға тапсырма берген болатын.

«Президенттік жастар кадрлық резерві» жайлы түсіндіру және оған қатысты сауалдарды талқылау мақсатында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-де Өскемен қаласының белсенді жастарының Мемлекеттік қызмет істері бойынша департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызымен кездесуі ұйымдастырылды.

Аталмыш кадрлық резерв «Жастар жылы» аясында білімді әрі дарынды отансүйгіш жастарымызға берілген айрықша мүмкіндік, нақты қолдау болып табылады. Бұл - білімі мен біліктілігі сәйкес тәжірибелі жас азаматтар үшін ашық және тиімді «қызметтік лифт».

Оған қабылданған жастарға мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық лауазымға тұруға бірегей мүмкіндік ашылады деп көзделуде. Жоғары лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады. Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт емес.

Іріктелген азаматтардың тағайындалуы көзделген лауазымдардың тізбесі:

- министрлер мен олардың орынбасарлары;

- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері;

- орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;

- квазимемлекеттік сектор компаниялары басқармаларының төрағалары және мүшелері;

- орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;

- орталық және жергілікті мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары;

- облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері.

Президенттік жастар кадрлық резерві экономикалық және қаржылық саясат; әлеуметтік саясат; инфрақұрылымды және қызмет көрсету салаларын, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және қоршаған ортаны дамыту; сыртқы және ішкі саясат; құқықтық саясат бағыттары бойынша құрылады.

Жобаға құжат тапсыру кезінде жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес, тиісті тұлғалардан ұсыным хаты бар Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қатыса алады.

Бүгінгі таңда Президенттік жастар кадрлық резервіне құжат тапсыру басталды. Ол үшін pkrezerv.kz сайтына өтіп, тіркелу қажет. Жобаға қатысуды тіркеу және құжаттарды қабылдау 2019 жылдың 1-30 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Тіркелу кезінде кандидат расталған дербес деректерін (ЖСН, АӘТ, туған күні, e-mail, телефон) енгізіп, жеке кабинетін толығымен толтыруы тиіс (тұрғылықты жері, білімі, жұмыс өтілі, лауазымдар тобын және бағыттарды таңдау, басқа да қосымша ақпарат).

Кандидаттың өтінімі қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, кандидат Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу