KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
441.8 480.02 4.88

Президенттік кадрлық резерв не үшін қажет, оған кімдер өте алады?

16.09.2019, 04:32 163

Мемлекеттік қызметте биік мансаптарға қол жеткіземін деген білімді де алғыр жастарға тағы бір үлкен мүмкіндік ашылып отыр. Сол арқылы жастар Қазақстанның қарыштап дамуына өз үлестерін қоса алмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде Президенттік кадрлық резервке жастарды іріктеу басталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Оған республиканың әр өңірінен жасы 35-ке дейінгі (отыз бес те кіреді), мемлекеттік басқару жүйесін жақсартуға қабілетті 300 адам таңдалып алынбақ. Олардың әрқайсысында әкім не министр болуға немесе ұлттық компанияларды басқаруға нақты мүмкіндік бар.
Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен арнайы жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы облыс жастарына жан-жақты түсіндіріп, президенттік кадрлық резерв не үшін қажет, оған кімдер өте алады, таңдаудан өткендер ары қарай не істейді деген сауалдарға жауап берді.

Іріктеуден өту үшін үміткерлерге қойылатын ең басты талаптар – ол Қазақстан Республикасының азаматтығы, жасының 18 бен 35 аралығында болуы және жоғары білім мен еңбек өтілінің бес жылдан төмен болмауы. Назар аударарлық тағы бір жайт, бұған тек мемлекеттік қызметтегілер ғана емес, жоғары білімі бар кез-келген жас қатысып, бағын сынай алады.

– Көптеген қазақстандық білімді де жасампаз жастардың шетелде тұрып жатқандығын ескере келе, конкурсқа тек Қазақстан азаматтығы бар, ел аумағында тұрып жатқан жастарды ғана қатыстыру ұйғарылды. Үміткерлерді іріктеп алу бірнеше кезеңнен тұратын болады, – деді жиында Жанна Қабдолдақызы.

Департамент басшысының мәлімдеуінше, бірінші кезекте құжаттарды жинаудың автоматтандырылған платформасында қатысушылардың құжаттарын қабылдау жүргізіледі. Екінші кезеңде кандидаттардың қабілеті тестілеуден өтеді. Тест үміткердің күрделі мәтінмен және сандық ақпаратпен жұмыс істеу алу қабілетін анықтауға бағытталған. Үшінші кезеңде үміткерлердің көшбасшылық қасиеттері, стратегиялық көру деңгейі, мотивациясы және құндылығы бағаланады. Бұл үшін қатысушылар алдымен эссе жазады, содан соң өздерінің әлеуметтік маңыздағы жобаларының тұсаукесерін жасайтын болады. Төртінші кезеңге іріктеудің алдыңғы кезеңдерінің жиынтық балы бойынша жоғары нәтиже көрсеткендер жіберіледі.

Бұдан соң Президент әкімшілігі құрған комиссия конкурстың өткен кезеңдерінен жоғары нәтижемен келген әр бір үміткермен жеке-жеке әңгіме өткізеді.

Жанна Қабдолдақызы атап өткендей, конкурстағы үдерістердің жариялылығы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Алдын ала және қорытынды мәліметтер онлайн-тұғырнама мен агентік сайтында жарияланатын болады. Сонымен қатар қатысушылардың кезеңдердегі бағаларын қоюда шешім қабылдау жариялылығын қамтамасыз ету үшін салалық сарапшылар да қатыстырылады.
Осылардың негізінде лауазымға тағайындалғанға дейін резервтегілер арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша оқытудан да өтеді. Резервтегілер үшін оқыту іріктеу нәтижесі бойынша сарапшылардың ұсынысымен жекелей де жүргізілуі мүмкін. Қосымша бұл білім резервтегі жастардың мемлекеттік қызмет жұмысындағы қажетті білімін толықтыру, жұрт алдында сөйлеуді қоса алғанда тұрғындармен жұмыс істеудегі құзіретін нығайту, шектелген жағдайларда жұмыс істеу алу дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Дегенмен, Жанна Қабдолдақызының айтуынша, лауазымды мансап қатысушылардың барлығына бірдей бұйыра бермейді.

– Кадрлық резервте жастар бес жыл мерзімде тұрады. Атап өтерлігі, резервке алыну мемлекеттік қызметке барлығы да алынады деген сөз емес, ондай кепілдік берілмейді. Қызметке тағайындау бос орын болған жағдайда Ұлттық комиссияның ұсынысымен жүзеге асырылады, – деді департамент басшысы.

Алайда, Президенттік кадрлық резервке алынған жастар өзгелерден әлдеқайда үздік санатта болатындығы белгілі, сондықтан оларға қайткен күнде де қоғам мен мемлекет тарапынан сұраныс жоғары болмақ.

Жиынға қатысқан облыс әкімі аппаратының жетекшісі Жасұлан Сәрсебаев Президенттік кадрлық резервке қатысу барысында өңір жастарының білімі мен қабілеті, алғырлығы мен белсенділігі де қатар сынға түсетінін айта келе, конкурсқа қатысуда облыс жастарын өзгелермен қатар белсенділік танытуға шақырды.

Президенттік кадрлық резерв жөніндегі толығырақ ақпаратты сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің qyzmet.gov.kz сайтынан да білуге болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив