ШҚО-дағы «тәртіпсіз» депутаттардың есімдері құпия болып қалды
Облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк кезекті отыз үшінші сессияда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мәлім болғандай, 6-шы шақырылымның 43 депутаты жыл басынан 340 шешім шығарып, оның 77-сі мемлекеттік тіркеуден өтіпті.
Халық қалаулылары облыстық бюджеттің бекітілуінен бастап елді мекен, көше атауларының өзгертілуіне дейінгі сан алуан маңызды шешімдерді қабылдаған, облыс әкімі Даниал Ахметовтің атқарған жұмысы туралы есебін тыңдап, сарапқа салған. Бұдан бөлек, мәслихаттағы төрт тұрақты комиссия өз салалары бойынша 24 отырыс ұйымдастырыпты.
Мәслихат хатшысы өз есебінде жекелеген депутаттардың енжарлығын да сынға алды.
– Сессияға қатысу – әрбір депутаттың басты міндеті. Өкінішке қарай, кейбір әріптестеріміз осы жұмыстарына немқұрайлық танытып, менің тарапымнан ескерту алып отыр, – деді Владимир Головатюк.
Сессия жұмысына қатысып отырған аймақ басшысы Даниал Ахметов «Олардың аттарын атап көрсетіңіз. Бәріміз біліп жүрейік» деген ұсынысына мәслихат хатшысы үнсіздікпен жауап қатып, «тәртіпсіз» депутаттардың есімдері құпия болып қалды.
Өз баяндамасында хатшы депутаттардың тұрғындармен 175 кездесу өткізіп, жоғарыдағы мемлекеттік органдарға 68 сауал жолдағанын жеткізді. Жұртшылық тарапынан негізінен әлеуметтік сипаттағы мәселелер көптеп көтерілетін көрінеді. Әсіресе, тұрғындарды баспананың, жұмыстың жоқтығы, қымбатшылық, жолдар мен ауызсудың сапасы, жер телімін алудағы, қоғамдық көліктер қатынасындағы қиыңдықтар, несие ауыртпалығы сынды түйткілдер жиі алаңдатуда.
– Мәслихат депутаттарының қызметі жалпы алғанда жоғары деңгейде. Бәрі де халықпен, барша билік органдарымен тығыз қарым-қатынаста әрі жүйелі жұмыс істеуде. Басым күшті тиімділік пен ашықтыққа салудамыз. Екінші жыл қатарынан барлық сессия онлайн режимде интернет арқылы таратылып келеді, – деді мәслихат хатшысы.