Қыркүйектің ішінде инвестициялық жобаларды ілгерілету орталығы ашылады
Ағымдағы қыркүйектің ішінде облыста инвесторларды тарту және инвестициялық жобаларды ілгерілету орталығы ашылады. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын талқылауға арналған актив мәжілісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мамандандырылған орталықтың ашылуы әр инвестициялық жобалардың нақты алға жылжуына мүмкіндік бермек. Қазірдің өзінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша азық-түлік өндірісі, жиһаз, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп және туризм салаларында 1,1 млрд теңгенің 14 жобасы мақұлданған.
Өзінің алғашқы Жолдауында Мемлекет басшысы «Қарқынды даму мен инклюзивті экономикаға» байланысты міндеттерді шешуге тапсырмалар жүктеген-ді. Нақтырақ айтсақ, экономикада қажетті құрылымдық өзгерістерді жүргізу және жыл сайын 5 %-дан кем емес тұрақты өсімді қамтамасыз ету туралы міндет қойылған болатын.
– Президенттің шикізаттық экономика менталитетінен бас тарту туралы тапсырмасының аясында экспортқа бағытталған, ғылымды қажет ететін, инновациялық және сұраныстағы өндірістерді дамыту бойынша жұмыстар жалғасын табады, –деді Даниал Ахметов.