Өскеменде волейболдан екі бірдей жарыс басталды
Өскеменде волейболдан екі бірдей ірі жарыс басталды. Дәлірек айтсақ, бұл күндері облыс орталығында 2008-2009 және 2010-2011 жылдары туған спортшылар арасындағы республикалық додалар өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, 2008-2009 жылдары туған ұлдар арасындағы Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 19 команда қатысып жатыр. Олардың арасында Астана, Алматы (екі команда) мен Шымкент (екі ұжым) қалаларының, сондай-ақ Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан (екі команда) облыстарының волейболшылары бар. Аталмыш жас санатындағы спортшылардың ойындары Стаханов көшесі, 3А («Самғау» бұқаралық спортты дамыту орталығы) және Абай даңғылы, 10/1 (Қызмет көрсету саласы колледжі) мекенжайларындағы нысандардың спорт залдарында өтуде. Бұл жарыс 10 қаңтарға дейін жалғаспақ.
Сол сияқты, облыс орталығында тағы бір ірі ала доп жарысы өтіп жатқанын айту керек. Ол – 2010-2011 жылдары туған ұлдар арасындағы Қазақстанның қысқы чемпионаты. Жоғарыдағы жарыстай, бұл біріншілік те 10 қаңтарға дейін созылады. Тек өтіп жатқан орны бөлек. Бұл жарыстың ойындары Шәкәрім даңғылы, 1/2 мекенжайындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп жатыр. Бір атап өтерлігі, аталмыш жарысқа да еліміздің облыс-қалаларынан ат арытып келген 19 команда қатысуда.
Нұржан Кенжеұлы