Зілтеміршілеріміз Спартакиада жүлделерін жеңіп алды
Бұл күндері Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында республикалық V жазғы спартакиада аясындағы ауыр атлетика жарысы өтуде, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бес күнге созылады деп жоспарланып отырған додада еліміздің 11 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан жиналған 200-ге жуық зілтемірші бақ сынауда. Арасында Шығыс Қазақстан облысының өкілдері де бар.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі таратқан соңғы ақпаратқа сәйкес, додаға қатысқан жерлесіміздің екеуі спартакиада жүлдегерлері атанып үлгеріпті.
Дәлірек айтсақ, салмағы 55 келіден аспайтын қыздар бәсекесінде Диана Абдуллаева (нәтижесі 157 келі: жұлқа көтеруде – 69, серпе көтеруде – 88) қола жүлдеге ие болса, 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елизавета Белоусованың (180 келі: 80+100) қанжығасы күміс медальмен майланды. Осы ретте Белоусованың салмағында үш дүркін Әлем чемпионы, атақты Зүлфия Чиншанло (210 келі: 90+120) топ жарғанын айта кеткен орынды.
9 тамызға дейін жалғасатын байрақты бәсекеде алдағы күндері тағы бірнеше жерлесіміз жарыс жолына шықпақ.