Қазақстанда жаз басталғалы 75 бала суға кетті
Суға шомылу маусымы басталғаннан бері Қазақстанда 214 адам суға кетті. Оның 75-і балалар, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті мәлімдеді.
– Жалпы шомылу маусымы басталғаннан бері 438 адам зардап шекті. Құтқарушылар 206 адам-ды алып қалса, бөгде адамдар 18 тұрғынды құтқарды. Бір ажалдан аман қалғандардың 63-і балалар. 214 адам суға кетті, оның ішінде 75 бала бар, – деп мәлімдеді Комитет.
Төтенше жағдайлар комитетінің ақпаратына сүйенсек, суға кеткендердің басым бөлігі Түркістан (25/12), Алматы (24/9), Ақмола (21/9), Шығыс Қазақстан (20/5) және Павлодар (18/7) өңірінің тұрғындары.
Осы орайда комитет төрағасы Владимир Беккер тұрғындардың қауіпсіздік шараларына ат үсті қарауы қайғылы оқиғалардың бас себебі екенін атап өтті.
Айта кету керек, елімізде шомылу, демалу және балық аулауға арналған 50 мыңнан астам су қоймасы бар. Ағымдағы жылы 607 ресми жағажай (107 коммуналдық және 500 жеке жағажай) құрылып, жұмыс істеуде.