2022 жылдың соңына дейін Германиядағы барлық АЭС тоқтатылады
2022 жылдың соңына дейін Германияда барлық атом электр стансалары істен шығарылады. 2011 жылдан бері жұмыс істеп тұрған 17 стансаның қазір тек жетеуі ғана қолданыста. Мамандардың пікірінше, атом қуатын пайдалану біржола тоқтайды.
Неміс Бундестагының депутаттары осыдан сегіз жыл бұрын осылай деп ұйғарған.
Мұндай шешім қабылдауға жапониялық «Фукусима» стансасындағы апат себеп болған. Оған қоса радиоактивті қалдықтарды сақтау да қиындай түсті.
Бұдан бөлек атом электр стансаларын салу және бұзу қомақты қаражатты қажет етеді. Қазіргі таңда күн, жел, су және биомассадан энергия өндіру анағұрлым тиімді. Сондықтан Германия кәрі құрлық елдерінің алғашқысы болып толығымен баламалы қуат көзін пайдалануға көшеді.
Атом энергиясынан бас тартқандардың қатарында Швейцария, Италия, Бельгия және Испания бар.
Гюнтер Кнабе, Орталық Азия елдері бойынша сарапшы:
- Германияда қазір жұмыс істеп тұрған атом электр стансалары біртіндеп өз жұмысын тоқтатады. Нақты шешім қабылдадық, енді оны өзгертпейміз. Германия ендігі жерде атом энергиясын қолданбайтын болады. Жоғары технологиялы, жан-жақты дамыған Германия секілді мемлекетте баламалы қуат көздерінен өнім алуға әбден болатынын халық біледі. Болашақта атом, көмір және мұнайды қолданудан толығымен бас тартамыз. Бір сөзбен айтқанда, Германияда атом дәуірі аяқталды.