Қырғызстанда күршімдік спортшыға шақ келер қарсылас болған жоқ
Қол күресінен алты дүркін Әлем чемпионы, жерлесіміз Еркін Әлімжанов қоржынын кезекті жүлдемен толтырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қырғызстанның Чолпан-Ата қаласында өткен Азия біріншілігінде Күршім ауданының тумасы барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, құрлықтық доданың алтын медалін еншіледі. Айта кетейік, байрақты бәсекеде шығысқазақстандық спортшы 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен-ді.
– Кіл мықтылар жиналған топта қос қолмен де алтын алдым. Енді алдағы Әлем чемпионатына дайындаламын, – дейді саңлақтың өзі.
Естеріңізге сала кетейік, Еркін Әлімжанов қазан айында Румынияда өтетін Әлем чемпионатына қатыспақ. Айта кетер жайт, жерлесіміз Азия біріншіліктерінде осымен сегізінші мәрте тұғыр биігінен көрінуде. Оның жетістіктері ел құрамасының да алдыңғы қатардан көрінуіне септігін тигізіп келеді.