Бүкіл әлемнің әдемі көбелектері Семейде
Семей тұрғындары үшін ашылған көбелектер көрмесі маусым айының 16-на дейін жалғасады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Таңғажайып көрмеден әсер алу үшін Әуезов даңғылының бойындағы «Авеню» сауда орталығы (1 қабат) мен «SMALL» супермаркетіне барсаңыз болғаны.
Әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген табиғаттың осы бір нәзік жаратылысы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ерекше көңіл-күй сыйлап жүр. Көрменің тұтқасын бұрасаң болғаны, тура ертегі әлеміне тап болғандай күй кешесің. Түрлі-түсті көбелектер сұрғылт тартқан күннің бар уайымын ұмыттырады десек, артық емес. Кез-келгені өзінше ерекше, тіпті иыққа шашқа қонып өзіне келген әр қонаққа қуанғандай амал жасайды.
Көрмеде сирек кездесетін көбелектердің Махаон, Сипроета Стелена, Парусник Подалирий, Золотая Птицекрылка, Белянка және т.б түрлерін тамашалауға болады. Мәселен, «Осений лист» көбелегі тура күздегі жапырақтай. Өзінің ерекше бейнесімен жыртқыштардан қорғанады.
- Менің жүзімдегі шаттықттың себепкері – көбелектер. Көрмені аралай жүріп түрлі эмоцияларды кештім. Ұлымның қуанышында шек жоқ. Менде балаша мәзбін. Осындай таңғажайып көрмені құр жібермеу қажет деп есептеймін – дейді Вера Дороченко.
Билет құны ересектерге 1200тг, зейнеткерлер мен балаларға 1000тг құрайды төрт жасқа дейінгі бүлдіршіндер көрмеге тегін кіре алады. Көбелектер Табиғат-Ананың тың туындысы, құпия сырлары да жетерлік. Филлипинде көбелекті сезімнің жаршысы санайды. Яғни көбелекті сыйға тартқан жігіт, өз жүрегін де ұсынушы. Ал, Азия мен Оңтүстік Америкада көбелекті деликатес ретінде тұтынады екен. Үндістер болса, көбелекті қасиетті санайды. Олардағы наным-сенім бойынша адам жан тапсырғанан кейін, көбелекке айналады. Тайвандықтар Атлас Павлинаглазкадан қыз-келіншектерге әмиян жасайтын көрінеді. Бір топқа махаббат пен адалдық символы, бір топқа деликатес пен әмиян, бір топқа қасиет, ал тағы бір топқа табиғаттың орны толмас бөлшегі. Түрлі ұғымға ие осы бір жаратылыс иесімен достасып үлгеріңіз. Бірақ, көрмеге кірерде өзіңізді "сазға", "жеміске", "гүлге" айналдыруды ұмытпаңыз. Сонда ғана көбелектің досына айналасыз.