Қазақстанда автобустардың жылдамдық режимін шектеу ұсынылды
Ішкі істер министрлігінде өткен отырыста «Жолаушылар тасымалы кезінде жол қозғалысының қауіпсіздік жағдайы туралы» мәселе қаралды. Жолаушылардың қауіпсіздігін арттыратын шара ретінде автобустардың жылдамдық режиміне шектеу қою ұсынылып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Мақсат Байболовтың мәлімдеуінше, ІІМ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге жол картасының жобасы әзірленген екен. Ол жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қабылдануға тиісті шаралардың ішінде автобус паркін жаңарту жоспарланып отыр. Себебі, Қазақстанда тозығы жеткен автобустардың саны 90 мыңнан асады. Сондай-ақ, Тасымалдаушылар мен автобус жүргізушілерінің біліктілігіне қатысты талаптар күшейтілмек. Ал автобустарды қайта жабдықтауға тыйым салынады. Өйткені ескі автобустар қауіпті көлік құралына жатқызылған екен.
Одан бөлек, автобустардың жылдамдық режимін елді мекендерде сағатына 50 шақырымға, қала сыртындағы тас жолдарда 80 шақырымға дейін азайту ұсынылды. Қазіргі уақытта автобустардың ең жоғары қозғалыс жылдамдығы елді мекендерде - 60 ш/с, қала сыртында – 90 ш/с.