ШҚО ғалымдары арамшөпке қарсы ұшақ жасап жатыр
Шығысқазақстандық ғалымдар ауылшаруашылығы мақсатында қолданылатын ұшақ жасуды қолға алды. Құрастырушылардың айтуынша, алқаптардың арамшөбін анықтайтын мұндай ұшақ алдағы уақытта шаруагерлерге таптырмайтын көмекші құрал болмақ, деп жазады baq.kz
«Қазіргі уақытта қашықтықтан басқарылатын ерекше ұшақты жасап жатырмыз. Бұл ұшақ негізінен ауылшаруашылығы мақсатында қолданылатын болады. Ол 5 шақырым биіктікке көтеріліп егіс алқаптарындағы арамшөптің өсіп-өспегенін анықтайды. Топырақ бетін екі сантиметрге дейін жақындатып көрсететін аталмыш ұшақты болашақта жасақталатын фермер планшетінің бір қосымшасы ретінде пайдалануды көздеп отырмыз», - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Олег Гавриленко.
Қазіргі уақытта қолға алынған жоба аясында бірқатар аумақтан алдын ала алынған деректердің барын алға тартқан жауапты тұлға әуеден егіс алқаптарының ортофотожоспары жасалатынын тілге тиек етті.
«Бұл шаруагер жұмысын оңтайландыруға бағытталған жұмыстар екені белгілі. Кеше ғана онжылдық орта мектепті тәмамдап, егіспен айналысуды көздеген қарапайым шаруа еш нәрсеге басын қатырмауы тиіс. Біз барлық ақпаратты әзірлеп оның қолын дайын деректер етіп беруіміз қажет. Мысалы, шаруагер өзіне тиесілі егіс алқаптарындағы ылғалдылықтың қанша мөлшерде екенін, тіпті егістік піскен кезде оған қандай минералды тыңайтқыштарды шашу қажет екеніне дейін біліп отыруы тиіс», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Естеріңізде болса, біз бұған дейін аталмыш жоғары оқу орнының егіс егуді оңтайландыратын шаруагер планшетін жасақтап жатқаны жайында жазған болатынбыз. Жоба іске асырылған уақытта шаруагер планшетіне алқаптардың электрондық картасы, егіс айналымы, ауа райы, шығыстар экономиясы, оның талдамасы, топырақ қабаты туралы ақпараттар мен жерсеріктік фототүсірілімдері енгізілетін көрінеді.