Даниал Ахметов: Ұлы Отан соғысында кім жеңгені туралы әр алуан пікір айтылуда
Облыс әкімдігінің отырысында Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығын атап өту жайы талқыланды.
Жиында ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит 7-9 мамыр аралығының өзінде облыс көлемінде 300-ден астам іс-шара өтетінін баяндадаы. Олар: ескерткіш тақталарға гүл қою, мәңгілік алау жағу, майдангерлермен кездесу, соғыс және тыл ардагерлеріне волонтерлік көмек көрсету сынды жастардың патриоттық сезімін арттыруға арналған іс-шаралар.
– Жарма ауданында мерген Төлеуғали Әбдібековке ескерткіш қою жоспарланды. Катонқарағай, Көкпекті, Бесқарағай аудандарында соғыс және тыл ардагерлеріне мемориалдық тақталар қойылады. Сондай-ақ идеологиялық қолдау мақсатында 24 мыңнан астам қазақстандық жеңіс лентасы білім ошақтары мен өзге де мекемелерге таратылады, – деді Ирина Смит.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, облыста 1 233 соғыс және тыл ардагері бар. Оның 134-і – соғыс, 455-і – тыл ардагері, 644-і – соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлға.
– 9 мамырға қарсы соғыс ардагерінің әрқайсы 600 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы алады. Жалпы сома – 80 миллион 400 мың теңге. Тыл ардагерінің әрқайсына 100 мың теңгеден қаржы қарастырылған. Жалпы сома – 45 миллион 500 мың теңге. Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға да 100 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы беріледі, – деді Жасұлан Сәрсебаев.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, ШҚО-да соғыс майдангерлеріне 600 мың теңгеден жәрдемақы берілсе, Мәскеуде әр майдангерге 25 мың рубль қарастырылған.
Рrodengi.kz сайтының есептеуінше, 1 рубль – 5,47 теңге. Ал 25 мың рубльді 5,47 теңгеге көбейтсек, 136 мың 750 теңге болады.
– Өкініштісі, қазір әлемде Ұлы Отан соғысында кім жеңгені туралы әр алуан пікір айтылып қалып жатыр. Жоқ, бұл жерде Совет Одағының халықтары жеңгені түсінікті ғой. Миллиондаған сарбазын ажалға бере отырып жеңіске жетті. Бұл – біздің мақтаныш. Әрдайым есте сақтауымыз керек! – деген облыс әкімі Даниал Ахметов, мектеп оқушыларына Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтардың ерлігін түсіндіретін жаңа бағдарлама жүзеге асыруды білім басқармасына тапсырды.