Жұмыс істейтін жастарға пәтер берілетін болды
Елімізде 2019 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейтін жастарға пәтер беріледі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар мен отбасы істері жөніндегі комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет мәлім етті.
Айта кетейік, осыдан біраз бұрын Елбасы жұмыс істейтін жастарға жылына мың пәтер беруді тапсырған болатын. Тұрғын үй жалдау негізінде берілмек.
– Біздің министрлік тұрғын үйлерді жалға беру ережелерін бекітетін болады. Қазір үш шаһар, атап айтсақ, Шымкент, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары әкімдіктерінің өкілдерімен бұл жөнінде қажетті жұмыстар жүргізудеміз. Сонымен қатар бұл шара бір реттік емес екенін атап өткім келеді. Біз жастарымызға жыл сайын осындай көлемде пәтер берілуі үшін әрекет етеміз, – деді Мадияр Қожахмет.
Ол, сонымен қатар тұрғын үй беру мәселесінде жастардың белсенділігі есепке алынатыны атап өтті.
– Заң жобасы қабылданғаннан кейін қазан айында аталған аймақтардағы жастарға алғашқы пәтерлерді береміз, – деп түсіндірді комитет төрағасы.