KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ӘЧ-2019: Словениямен ойында «Торпедо» ойыншылары көзге түскен жоқ

30.04.2019, 05:33 272

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында шайбалы хоккейден бірінші дивизион командалары арасындағы Әлем чемпионаты басталды. Біріншілік аясындағы алғашқы кездесуінде Қазақстан ұлттық құрамасы Словения командасынан басым түсті. Есеп 3:2.

Айта кетейік, жаһандық додада ел құрамасы сапында өскемендік «Торпедоның» үш ойыншысы өнер көрсетуде. Олар: шабуылшылар Евгений Рымарев, Талғат Жайлауов пен Аркадий Шестаков. Осы ретте Шестаков үшін бұл кездесу құрама сапындағы дебюттік ойын болғанын айта кеткен жөн. Словениямен өткен ойында жерлестеріміз нәтижелі қимылдарымен көзге түсе алған жоқ.

Бұл кездесудегі алғашқы шайбаны бірінші кезеңнің үшінші минутында Никита Михайлис соқса, тоғыз минуттан кейін Антон Некряч есепті еселей түсті. 16-шы минутта Михайлис дубль авторы атанды. Бұған қонақтар екінші кезеңде соғылған қос шайбамен жауап қайтарды. 3:2. Бұл есеп кездесу соңына дейін өзгерген жоқ.

Осы жеңісінен кейін Андрей Скабелка жаттықтыратын Қазақстан құрамасы үш ұпай жинап, турнирлік кестенің үшінші сатысына көтерілді. Бүгін – отандастарымыз үшін демалыс күні. Ал ертең, 1 мамыр күні Қазақстан құрамасы Литва хоккейшілерімен кездеседі. Аталған ойын кешкі сағат 16:30-да басталады. Матчты «Қазспорт» арнасынан тамашалауға болады.

Естеріңізге салайық, бірінші дивизионның А тобындағы командалар арасындағы жаһандық біріншілік 5 мамырға дейін жалғасады. Аталмыш додада біздің құрамаға Беларусь, Литва, Мажарстан, Оңтүстік Корея мен Словения құрамалары қарсылас атанбақ. Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші және екінші орын алған құрамалар келер жылы жоғары дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу