KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Әлем чемпионаты: Ұлттық құрамаға жеңісті «Торпедо» ойыншылары әперді

5.05.2019, 02:32 230

Қазақстан құрамасы шайбалы хоккейден Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан бірінші дивизион командалары арасындағы Әлем чемпионатында кезекті жеңісін тойлады. Бұл жолы отандастарымыз біріншіліктегі басты қарсыласы Беларусь командасынан басым түсті. Есеп 3:2.

Айта кетейік, аталмыш ойында Қазақстан құрамасы соққан үш шайбаның екеуі өскемендік «Торпедо» ойыншыларының еншісіне жазылды. Дәлірек айтсақ, «Барыс» шабуылшысы Никита Михайлис кездесудегі алғашқы шайбаны торда тулатқаннан кейін көп ұзамай өскемендік команданың форварды Талғат Жайлауов есепті еселей түсті. Бір атап өтерлігі, Талғатқа нәтижелі пасты «Торпедоның» тағы бір ойыншысы Евгений Рымарев берді.
Негізгі уақыттың соңына дейін беларустық хоккейшілер таразы басын теңестіргенімен, овертаймда тағы бір торпедолықтың қанжығасы майланып, матч Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды. Бұл жолы бүгінде «Сарыарқада» өнер көрсететін экс-торпедолық ойыншы Леонид Метальниковтың пасын сәтті пайдаланған Аркадий Шестаков көзге түсті.

Осылайша, ел құрамасы төрт ойыннан кейін 11 ұпай жинап, Әлем чемпионатының көшін жеке-дара бастады. Ертең қазақстандық хоккейшілер жарыс аясындағы соңғы кездесуін өткізеді. Бұл жолы біздің командаға Мажарстан құрамасы қарсылас атанбақ. Аталмыш ойын күні кешкі сағат 19:30-да басталады. Матчты «Қазспорт» арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Еске салайық, бірінші дивизионның А тобы командалары арасындағы жаһандық додада алғашқы екі орынға ие болған құрамалар келер жылы жоғары дивизионда өнер көрсетпек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу