KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ӘЧ-2019: Қазақстан хоккейшілері екінші жеңісіне жетті

2.05.2019, 02:41 270

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс-Арена» мұз айдыны сарайында жаңа ғана Қазақстан мен Литва құрамалары арасындағы матч аяқталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Шайбалы хоккейден бірінші дивизион командалары арасындағы Әлем чемпионаты аясында өткен бұл кездесуде отандастарымыз жеңіске жетті. Есеп 3:1.

Бұл ойындағы есепті «Барыс» шабуылшысы Дастин Бойд ашты. Екінші кезеңде «Номад» қорғаушысы Никита Клещенко есепті еселеді. Бұған литвалық хоккейшілер Арвидас Домейканың дәл соққысымен жауап берді. Алайда, кездесудегі соңғы шайбаны қазақстандықтар соқты. Нәтижелі соққы тағы бір «Барыс» ойыншысы, қорғаушы Даррен Дицтің еншісіне жазылды.

Осы жеңісінен кейін Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея және Беларусь командаларымен бірге чемпионат көшін бастады. Бұл құрамалардың әрқайсысында әзірге алты ұпайдан бар. Естеріңізге салайық, жаһандық біріншілік аясында өткізген алғашқы ойынында қазақстандықтар Словения құрамасынан 3:2 есебімен басым түскен болатын. Енді бас бапкер Андрей Скабелканың командасы Оңтүстік Корея хоккейшілерімен кездеседі. Аталмыш ойын ертең, 2 мамыр күні кешкі сағат 19:00-де басталады. Матчты «Қазспорт» арнасынан тамашалауға болады.

Айта кетейік, бірінші дивизионның А тобындағы командалар арасындағы жаһандық біріншілік 5 мамырға дейін жалғасады. Аталмыш додада біздің құрамаға Беларусь, Литва, Мажарстан, Оңтүстік Корея мен Словения құрамалары қарсылас атануда. Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші және екінші орын алған құрамалар келер жылы жоғары дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу