Президенттікке үміткер Амангелді Таспихов емтихан тапсырды
ҚР Президенттігіне үміткер Амангелді Таспихов алғашқы сыннан сүрінбей өтті. Мұны Кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі Әділ Ахметов айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айта кетейік, Амангелді Таспихов сайлауға «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан түскен болатын.
Ол бірінші кезеңде жазбаша жұмысқа «Менің елім» тақырыбын таңдаса, екіншіде Қадыр Мырзалиевтің өлеңдерін оқыған.ал үшінші ауызша кезеңде «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты тақырыпқа ойын айтты.
– Сынақ әдеттегідей үш кезеңнен өтті. Жазбаша жұмысқа Амангелді Сатыбалдыұлы Таспихов «Менің елім» тақырыбын таңдады. Бұл тақырыптардың барлығы конвертке салынған, алдын ала бекітілген. Үміткердің жазбаша жұмысы өте сауатты жазылған. Әрине, аздаған пунктуациялық қателер кетті. Бірақ, шығарма мазмұны терең, тақырып жақсы ашылған, - деді Әділ Ахметов
– Комиссия оның жұмыстарына жан-жақты талдау жүргізіп, қорытындылады. Комиссия бірауыздан Амангелді Таспиховты техникалық институт бітірген инженер болса да, тілі өте жатық, барлық тапсырмалар бойынша мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген шешім шығарды», - деп қосып қойды комиссия мүшесі.