Риддерде апатты және үш ауысымды мектептер жоқ
Риддер қаласында апатты жағдайда тұрған немесе үш аусым бойынша оқытатын мектептер жоқ, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жалпы аталмыш қалада 16 білім мекемесі жұмыс істейді. Соның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын 1 мектеп, аралас тілде оқытатын 3 мектеп, орыс тілінде оқытатын 12 мектеп бар.
– Төрт жыл ішінде мектеп оқушыларының саны 600-ге артты. 2022-2023 оқу жылының басында оқушылар саны 7254 болды. Білім мекемелерінде 576 педагог еңбек етеді. Олардың 55% «педагог-сарапшы» және «педагог-зерттеуші» біліктілігіне ие. 2018-2022 жылдар аралығында мектепті «үздік» аттестатқа бітірген түлектер саны – 46. Қалада апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер жоқ, – дейді Риддер әкімі Дмитрий Горьковой.
Осы тұса айта кетуіміз керек, қала мектептерінің жүктемесін жеңілдету үшін биыл 6-шы шағын ауданда заманауи бейінді кабинеттері, спорт залы бар 600 орындық жаңа орта мектеп пайдалануға берілді.