Темекімен ұйықтатып,тонап кететін таксистер ұсталды
Алматыда жолаушыларды темекімен ұйықтатып тастайтын такси жүргізушілері ұсталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Полицияның айтуына қарағанда, 1985, 1982 және 1997 жылғы үш азамат бірдей әдіспен қимылдаған. Таксистер түнгі клубтардың маңайын торуылдап, ішімдікке масайып шыққандарды күтіп алады екен.
– Жүргізушілер жол бойы клиенттерін әңгімеге тарта отырып, темкі ұсынады. Шылымды шеккен жолаушылар бірден ұйықтап кетіп отырған. Осы кезде таксистер оңаша жерге барып, клиентінің қалтасын қағып алған. «Ұйқыдағы» клиенттерді дәл сол жерге тастап жүре берген, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Медеу ауданының Полиция басқармасы.
Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталды, қамауда. Тәртіп сақшылары ҚР ҚК 191 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ қылмыскерлердің өзге де осы тақлеттес қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Полиция бұрын-соңды осындай жағдайларға тап болған тұрғындар болса, 254-48-01; 254-48-34; 254-48-09 немесе 102 номеріне хабарласуын сұрайды.