Семейде «Самбоның академигіне» құрмет көрсетілді
Семейде самбо мен жауынгерлік самбодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсеке «Самбо күресінің академигі» атанған Керей Қойшыбектің құрметіне арналды.
Үш күнге созылған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам спортшы қатысып, тоғыз салмақта өзара сынға түсті. Жарыстың бас төрешісі Әбдісадық Халилаевтың айтуынша, чемпионат қорытындысы бойынша алдағы екі жылда халықаралық аренада ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталмақ екен.
Байрақты бәсекеге талай танымал балуан қатысуға ниет білдіріпті. Оның ішінде қазақ күресінен Әлем чемпионы Талғат Әміренов (100 келіден жоғары салмақ дәрежесі), халықаралық додаларда сәтті өнер көрсетіп жүрген Зере Бектасқызы (72 келі), республикалық жарыстардың жүлдегері Жасұлан Мұхаметханов (100 келі) сынды шығысқазақстандық балуандар да болды.
Жалпы алғанда, жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз үш алтын, бес күміс және төрт қола медаль жеңіп алды.