Сеулдегі Әлем чемпионатында үш жерлесіміз өнер көрсетеді
Ертең Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында басталатын самбо күресінен Әлем чемпионатында Семейдегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт академиясының спортшысы да өнер көрсетеді. Бұл туралы спорт академиясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Байрақты бәсекеге қазақстандық самбо шеберлері толық құрамда (ерлер, әйелдер, жауынгерлік самбо, 27 балуан) қатысады. Соның ішіндегі спорттық самбодан ел намысын Семейдегі спорт академиясының өкілі Руслан Жарқынбаев (82 келіге дейінгі салмақ) қорғамақ.
Айта кетейік, жерлестері Жарқынбаевқа зор үміт артып отыр. Ол – самбо күресінен Әлем Кубогының күміс және қола жүлдегері, үшінші бүкіләлемдік көшпенділер ойынының жеңімпазы. Сондай-ақ Руслан өзге де халықаралық додаларда үздіктер қатарына көріне білген. Бұған қоса семейлік саңлақ көктемде өткен ел чемпионатында топ жарып, Үндістанның Нью-Дели қаласында ұйымдастырылған Азия біріншілігінде де алтын медаль жеңіп алған.
Тағы бір атап өтер жайт, алдағы жаһандық додада Руслан Жарқынбаевтан бөлек, тағы екі жерлесіміз – Асылбек Смайылов пен Райхан Мәди (жауынгерлік самбо) сынға түспек.