Өскемендегі Әуезов даңғылын жөндеу жұмыстары қазан айына дейін созылады
Өскеменде 2012 жылдан бері жөндеу көрмеген Әуезов даңғылын кеңейту жұмысы басталып кетті. Жөндеу жұмысы қазан айына дейін созылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мамандар көшенің 1 300 метрі кеңейтіліп, 2 300 метрінің жиектасы ауыстырылатынын айтады. Жалпы 38 200 шаршы метр аумаққа асфальт төселеді екен.
Сондай-ақ Горький-Нұрмағамбетов көшелерінің аралығындағы аумаққа бір жолақ қосылады. Сонымен, көше төрт-төрттен сегіз жолақты болады. Бір жолағының ені – 3,5 метрге тең екенін айта кетейік.
Ал көшенің ортасында тұрған Мұхтар Әуезовтың ескерткіш тақтасы жазушының өз аты берілген №17 мектептің аумағына ауыстырылады.
– Қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, – деп, қала әкімдігі тұрғындардан алдын ала кешірім өтінді.