KZ
Өскемен
-6°
туман Штиль
513 541.16 4.69

Ринк-бендиден ШҚО құрамасы ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанды

2.04.2019, 10:03 128

Өскеменде ринк-бендиден (допты хоккей) оқушылар арасындағы ел біріншілігі мәресіне жетті. Облыс аумағында тұңғыш рет өткізілген додаға 2005 жылы туған жасөспірімдер қатысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Ринк-бенди елімізде енді ғана дами бастаған спорт түрі болғандықтан, биылғы жарысқа небары төрт команда қатысты. Атап айтсақ, ел чемпионы атағына Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары таласты.


– Командамыз мұндай байрақты бәсекелерге күнде қатыса бермейді. Сондықтан осы бір мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, тәжірибе жинақтап, шеберлігімізді шыңдағымыз келетіні рас. Алайда ешкімге оңайшылықпен ұпай ұстатпаймыз. Жеңіске жету үшін барымызды саламыз, – деді жарыстың басында сұхбат берген допты хоккейден облыс құрамасының бас бапкері Евгений Медведев.


Дегенмен бұл жолы қонақтардың, дәлірек айтсақ, батысқазақстандық бендишілердің асығы алшысынан түсті. Үш күнге созылған додада еліміздің Батысынан келген команда барлық ойынды өз пайдасына аяқтап, жарыс жеңімпазына берілетін кубоктың иегері атанды. Жарыс иелері бұл жолы екінші орынды қанағат тұтса, үздік үштікті Алматы қаласының хоккейшілері түйіндеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу