KZ
Өскемен
+4°
переменная облачность жел 9 м/с, СБ
523.2 594.3 6.38

ШҚО-да Тәуелсіздік күніне орай қандай шаралар өтеді?

15.12.2022, 18:40 666 Мадина Амангелдіқызы

Шығыс Қазақстан аумағында Тәуелсіздік күніне орай 500-ден астам мерекелік іс-шара өтеді.

Ағымдағы жылы есте қаларлық, танымдық-ағартушылық, қайырымдылық іс-шараларды өткізуге басты назар аударылды. Олар қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен азаматтық ынтымақтастығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Мереке қарсаңында облыстың қалалары мен аудандарында ғылыми, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, саясаттанушылар мен заңгерлердің қатысуымен "Желтоқсан алауы - Тәуелсіздік бастауы", "Қазақстан байтақ елім, Тәуелсіздік өз елім", "Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханов" тақырыбында дөңгелек үстел форматындағы іс-шаралар, сондай-ақ "Тәуелсіздіктің жоғары құндылықтары" тақырыбында конференция өткізілген болатын. Одан бөлек Өскемендегі Достық үйінде колледж студенттері мен орта мектеп оқушыларының желтоқсан оқиғасына қатысушылармен "Елімнің еркіндігі – Егемендік" тақырыбындағы кездесуі өтті.

16 желтоқсан күні Өскемен қаласында Болат Төлепбергеновтің "Шығыс желтоқсандары" кітабының тұсаукесері, "Желтоқсан алауы" мүсіндік композициясының ашылуы, гүл шоқтарын қою, Халифа-Алтай мешітінде еске алу кеші ұйымдастырылады. Мереке күні Зайсан қаласында Қайрат Рысқұлбеков ескерткішіне гүл шоқтары қойылады.

Сонымен қатар, Сәбира Мұхамеджанованы еске алу үшін Абай атындағы гуманитарлық колледжде арнайы кабинет ашылып, екі үздік студентке Сәбира Мұхамеджанова атындағы стипендия табыс етіледі.

Мерекеге орай облыс аумағында бірқатар нысандар ашылады: Күршім ауданының Жолнұсқау ауылында 50 орындық жаңа мектеп, Ұлан ауданының Айыртау ауылында дене шынықтыру - сауықтыру кешені, Тарбағатай ауданының Манырақ ауылында мәдениет үйі және Катонқарағай ауданының Топқайын ауылында ауылдық клуб. "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасын жүзеге асыру аясында Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында көпбалалы отбасыларға 14 үйдің кілтін тапсыру жоспарланған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу