Кімге қандай қару сатып алуға болады?

Фото: pexels
Стандартқа сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жері бойынша Ішкі істер органдарынан қарудың нақты түрін сатып алуға рұқсат алғаннан кейін 21 жасқа толғанда азаматтық қаруды сатып алуға құқығы бар.
Осы ретте 2018 жылдан бастап қару айналымы саласында мемлекеттік қызметтер көрсету нысаны электрондық форматқа ауыстырылғанын еске саламыз. Өтініш беру «электрондық үкімет» веб-порталы - elicense.kz арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке немесе заңды тұлға портал арқылы «Жеке және заңды тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатып алуға, сақтауға, сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға рұқсат беру»мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесін жібереді.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі өтінішті қабылдаған және тіркеген сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күнін құрайды.
Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған немесе қолданылу мерзімі өткен құжаттар ұсынылған жағдайда Сізге қызмет көрсетуден бас тартылады.
Сонымен қатар, сигналдық қару, механикалық шашыратқыштар, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіретін заттармен жарақталған аэрозольдық құрылғылар, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-ден аспайтын және калибрі 4,5 мм-ге дейін қоса алғанда пневматикалық қару, қаруға конструкциялық жағынан ұқсас бұйымдар он сегіз жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматтары,соттылығының, қаруды иеленуге медициналық қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы туралы анықтамаларды және қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеру жөніндегі анықтаманы ұсынғаннан кейін заңды тұлғалардан сатып алуға құқығы бар.
Тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруын аңшы куәлігінсіз, тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдары беретін рұқсатпен алып жүру құқығынсыз өзін-өзі қорғау мақсатында сатып ала алады.
Меншігінде кемінде үш жыл бойы тегіс ұзын ұңғылы аңшылық атыс қаруы бар, белгіленген тәртіппен аң аулауға құқық берілген Қазақстан Республикасы азаматтарының ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын сатып алуға құқығы бар.