Алакөлге пойыз: биыл жолаушыларға қанша орын ұсынылады?
сурет ашық дереккөзден алынды
Алакөлге баратын пойыздардағы жолаушы орындарының саны өткен жылғымен салыстырғанда 6 пайызға көбейді.
Осылайша, жазғы туристік маусымда демалушыларға 276 мыңнан астам орын ұсынылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Алакөл бағытында жолаушылар пойызы Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 11 бағыт бойынша жүруді жалғастырады. Таяуда алғаш рет «Астана-Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылды.
Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ әкімдіктермен, әуетасымалдаушылармен және туроператорлармен бірлесіп Өскемен, Шымкент, Павлодар, Қызылорда қалаларынан Алакөлге дейін интермодальдық тасымалдарды (көліктің екі немесе одан да көп түрі) қалыптастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.