Өскеменде волейболдан республикалық турнир басталды
Облыс орталығында волейболдан республикалық турнир басталды.
Колледж студенттері арасында өтетін тартысты додада ел аумағынан келген 30-ға жуық команда бақ сынауда, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Республикалық турнир маусымның 13-нен 16-на дейін жалғаспақ. Шығыс өңірінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыста ұлдардан 15, қыздардан 13 команда бақ сынайды.
– Бүгін - біз үшін өте маңызды күн. Студенттер арасындағы ауқымды турнирді алғаш рет өткізіп отырмыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен нағыз мықтыны анықтауға жас спортшылар келді. Ойын өтетін алаңның барлығы сақадай сай. Ұлдар арасындағы жарыс Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінде өтеді. Ал қыздар Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде ойнайды. Турнирдің финалдық ойындары мен жабылу салтанаты Шығыс Қазақстан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде болады, - дейді Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлмира Мамырбекқызы.
Айта кетелік, финалдық ойындар 16 маусымда Шығыс Қазақстан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтпек. Жарысты тамашалаймын деген жанкүйерлер үшін сайыстың есігі айқара ашық.