Мектеп кітапханашыларына педагог мәртебесі берілуі мүмкін
Фото: ru.wallpaper.mob.org
Үкімет мектеп кітапханашыларының мәртебесін көтеру үшін оларды "педагог" лауазымына теңестіру мәселесін қарастырады.
Бұл туралы вице-премьер – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Қазіргі таңда Үкіметтің "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы" қаулысында "Педагог-кітапханашы" лауазымы қарастырылмаған.
Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде кітапханашылар «педагог» лауазымына теңестірілген жағдайда «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңында қарастырылған барлық норма, оның ішінде аттестаттаудан өту де оларға қатысты болады.
Жалпы, орта мерзімді болжам нәтижесіне сәйкес 2030 жылға қарай кітапхана қызметкерлері бойынша қажеттілік 6 987 адамды құрайды, соның ішінде кітапханашылар – 5 226 адам, кітапхана қызметшілері – 1 696 адам, кітапхана жұмыскерлері – 65 адам.
Т.Дүйсенованың жауабында Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл қажеттіліктер бойынша 2023-2024 оқу жылына «В043-Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі» білім беру бағдарламаларының топтарына 100 білім беру грантын бөлуді жоспарлап отырғаны айтылған. Аталған көрсеткіш 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда 75%-ға жоғары.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары "Кітапхана ісі" мамандығын жетілдіру және "Педагог-кітапханашы" мамандығына лицензия қарастырып, біліктілік санатын беру мәселесін көтерген болатын.