Елімізде Қазақ-француз университеті ашылады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Франция мен Қазақстан президенттерінің Ақордадағы кездесуі алдында Қазақ-француз университеті ашылатынын айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
"Бүгін Мемлекет басшылары арасында Қазақстанда Қазақ-француз университетін ашу мәселесі пысықталатыны мәлім етілді", - деді Саясат Нұрбек.
Оның сөзінше, аталмыш жоғары оқу орны Қазақ-алман университетінің үлгісімен құрылуы мүмкін.
"Біз жеке жұмыс тобын құрып, мәселені сол алаңда талқылаймыз. Сондай-ақ өңірлердегі жоғарғы оқу орындарында мықты франциялық университеттерді тарта отырып, зерттеу кафедраларын ашу мәселесін талқылаймыз. Франциялық университеттерден келген делегациялар да біздің елде жүр. Бүгін екі ел ректорларының форумы басталады. Іс-шара Алматы қаласында 3 күн бойы өтеді", - деді министр.
Еске салайық, Франция президенті Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келді.