Қазақстан азаматтары Газа секторынан эвакуацияланады
Фото: nur.kz
Бүгін Қазақстанның 122 азаматы мен отбасы мүшелері Газа секторынан эвакуацияланады.
Газа секторынан Мысыр бағытында Рафах бақылау-өткізу бекетінен өтуге рұқсат етілген шетелдік азаматтардың тізімі жарияланды, олардың арасында «Қазақстан» деген бағанда Қазақстан мен Палестина азаматтығын алған 122 адам бар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Каzinform агенттігіне сілтеме жасап.
Тзімде көрсетілген азаматтар тиісті рәсімдерден өтуі үшін жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де (Астана уақытымен сағат 10:00) «Рафах» бақылау-өткізу бекетінің сыртқы өткел залында болуы тиіс.
Қазіргі уақытта ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Мысырдағы Елшілігі азаматтарымызды эвакуациялауға көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша қажетті шаралар қабылдауда.
Бір күн бұрын Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 44 адамнан тұратын Қазақстан азаматтарының бірінші тобын эвакуациялау жоспарланып отырғанын, олар құрлықпен Каирге жеткізілетінін, қажетті құжаттары тексерілгеннен кейін Қазақстанға жөнелтілетінін хабарлады.
10 қарашада ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Израиль Сыртқы істер министрлігінің басшысы Эли Коэн телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында М.Нұртілеу израильдік әріптесіне Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесуді сұрады. Бұған жауап ретінде Э.Коэн израильдік тарап ҚР азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді.