Министрлік төсек тартып жатқан науқастарға стоматологиялық көмек көрсету алгоритмін әзірлейді
Аурудың айтып келмейтіні сияқты, тіс ауруы кенеттен болады. Мұндайда кез-келген адамның тіс дәрігерін іздеп әуре болатыны анық. Ал төсек тартып жатқан науқастарға мұндай кезде қайтпек керек?
Облыс орталығының тұрғыны Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудникпен кездесу барысында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Бірнеше жылдан бері анам төсек тартып жатып қалды. Біз күтімін жасап жүрміз. Анам өзі талай жыл бойы төсек тартып жатқан науқастарға қызмет көрсететін көшпелі стоматологиялық топта жұмыс істеген. Енді өзі науқас. Тісі ауырған кезде, біз қайда жүгінерімізді білмей дал боламыз. Қазір көшпелі бригада деген жоқ, - деді тұрғын.
Министр облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына осындай жағдайларда көмек көрсету тетігін пысықтауды тапсырды.
– Бұл қалыпты жағдай емес. Демек, шешімді де тыңнан табу керек. Сіздер осы мәселені қолға алып, науқасқа көмек көрсету жағын ойластырыңыздар. Біз министрлік деңгейінде төсек тартып жатқан науқастарға стоматологиялық көмек көрсету алгоритмін әзірлейміз, – деді Вячеслав Дудник.