"Туған жер – алтын бесігім" жобасы жалғасын табады
Ауыл мен қала халқының арасындағы дәнекерге айналған «Туған жер – алтын бесігім» жобасы араға бірнеше жыл салып биыл қайта жалғасын тапқан болатын. Бұл жоба алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таппақ.
Аталған жоба аясында сенбі сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп, ауыл өнерпаздары гала концерттерін көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ өңірдің қолөнер шеберлері көрме өткізіп, ұлттық ойындар да дәріптелді. Ал қала тұрғындары ауылдың таза әрі табиғи өнімдерін алу үшін сенбі сайын жәрмеңкеге баруды әдетке айналдырды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Иә, бұл өңірдің ауыл шаруашылық өнімдері мен өнерін жұртқа паш еткен жоба. Сондықтан да жұрт әр сенбіні асыға күтеді. Жәрмеңке аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу және халықты орташа нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен, сапалы және табиғи азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге оң әсер етіп келеді.