Өскемендегі "Қамқорлық" орталығы үздік шықты
шартты сурет
«Қамқорлық» қоры жыл сайын ұйымдастырылатын инклюзияны қолдау орталықтары мен кабинеттері байқауын қорытындылады.
Биыл облыс орталығында орналасқан әлеуметтік ұйым үздік деп танылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Өскеменде, әуелде, әлеуметтік қолдау орталығы болған ұйым өткен жылы ерекше балалармен жұмыс істеуге көшкен еді. Осылайша, аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы жұмыс бастады. Бұл іске бастамашы болған қала әкімдігі ғимаратты жөндеп, айналасын да абаттандырды. Ал республикалық қордың көмегімен заманауи стандарттарға сай келетін жабдықтар жеткізіліп, оқыту ісі ұйымдастырылған еді.
Жалпы облыс орталығында мамандандырылған көмекке мұқтаж екі мыңға жуық бала бар. Сондықтан өскемендіктер үшін мұндай әлеуметтік ұйымның маңызы өте жоғары.
Өскемендегі «Қамқорлық» орталығына 57 ата-ана дауыс берген. Соның нәтижесінде ұйым жеңіске жетті.