Аутист балаларға арналған орталық жұмысын бастады - Өскемен

Шартты сурет
Өскеменде аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық өз жұмысын бастады.
Аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы Добролюбов көшесі, 44 мекенжайында орналасқан, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Орталықта топтық және жеке жұмыстарға арналған сабақтар, тігін, қыш және ағаш шеберханалары, интерактивті және сенсорлық бөлмелер, спорт залы, LEGO бөлмесі бар. Қала әкімдігінің ақпараты бойынша, қалған жабдықтар жақын арада жеткізіледі.
Мекемеге «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» қорлары қаржылай қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.
Балалармен жұмыс істеу үшін АВА терапиясы бойынша бірінші курстан өткен мамандар таңдалды. Оларды даярлау үшін оқыту бағдарламасы әзірленген болатын, соның аясында жыл бойы аутизмі бар балаларды оңалту саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар курстар, тренингтер, көшпелі семинарлар өткізеді.
Орталық аутизм спектрі бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Мұнда жыл сайын 125 бала мамандардан тегін көмек ала алады.
Орталықта АВА терапиясы, эрготерапия, кинезиотерапия, адаптивті және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыкалық терапия, қыш құмыра жасау, ата-аналармен жұмыс, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, логопед, психолог және дефектологпен сабақтар сынды түрлі бағыт бойынша балалармен жұмыс жүргізіледі.
Айта кетсек, «Қамқорлық» бастамасын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жынысына, жасына, этникалық тегіне, мәртебесіне, сонымен қатар, физикалық немесе психикалық жай-күйіне қарамастан барлық азаматқа тең жағдай мен мүмкіндік жасау үшін іске асырады.
Алғашқы екі кезең аясында Қазақстан түкпір-түкпірінде 15 оңалту орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және 7 ерте араласу орталығы ашылды.
2023 жылы қосымша 13 ерте араласу орталығы мен аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 8 орталық ашу жоспарланып отыр.