Қауіпті учаскелерде жол-пайдалану бекеттері жұмыс істеп тұр - ШҚО
Фото: Тілеубек Шаяхметов
2023 жылы ШҚО-да облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, сондай-ақ елді мекендердің көше жолдарын жөндеуге 28,4 млрд теңге қарастырылып, 97 жоба іске асырылды. Оның ішінде 392 шақырымды қамтыған 90 жобасы бойынша жұмыстар аяқталды.
Әлбетте, ең ауқымды жоба Бұқтырма су қоймасының үстінен өтетін көпірдің құрылысы болғаны сөзсіз. Басқарма басшысы биыл бұл мақсатқа бөлінген 8 млрд теңгенің толық игерілгенін айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ол сондай-ақ жолдарды күтіп ұстауға 4,2 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.
Белгілі болғандай, облыста қысқы маусымда жолдарды күтіп ұстауға 858 техника жұмылдырылмақ. Климаттық және географиялық жағдайларды ескере отырып, Өскемен қаласы, Самар, Күршім, Ақжар және Үлкен Нарын ауылдарында арнайы өндірістік-жол учаскесі құрылған. Бұған қоса аса қауіпті әрі күрделі учаскелерде жол-пайдалану бекеттері (Тарғын, Марқакөл, Егіндібұлақ ауылдары, Шемонаиха қаласы) мен төрт жылыту пункті (Өміш асуы мен Тарғын, Егіндібұлақ, Ұранхай ауылдары) жұмыс істеп тұр. Аталмыш пунктер бірінші қажеттіліктегі өнімдермен, төсек-орындармен, жанармай және көмір қорымен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстандағы автомобиль жолдарының желісі - 5,2 мың шақырым. Оның ішінде 1,2 мың шақырымы республикалық болса, 1,6 мыңы облыстық, 2,4 мыңы аудандық маңыздағы жолдар.