Энергетиктердің еңбегі еленді – ШҚО
Елімізде желтоқсанның үшінші жексенбісі энергетиктер күні екені белгілі. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдің энергетика саласына еңбек сіңірген мамандарды марапаттады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Өңір басшысы майталман мамандарға және білікті жас қызметкерлерге ведомстволық наградалар мен құрмет грамоталарын табыстады.
– Энергетика саласының маңызы туралы айтып жатудың өзі артық. Халықтың тұрмысы бұл саламен тығыз байланысты. Сондықтан мұндағы мамандардың еңбегі қандай марапатқа да лайық. Энергетиктерді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! - деп лебіз білдірді облыс әкімі.
Қажырлы еңбекті талап ететін саланың «нәзік» маманы Людмила Ивлева адамдарды үздіксіз жылуға бөлеудің бір бөлек сезім екенін айтады.
– Біз адамдарға жарық және жылу жеткіземіз. Сондықтан мамандығымды мақтан етемін. Ыстық-суыққа қатар төзіп, тер төгіп жүрген энергетиктердің еңбегі еленіп жатқанына қуаныштымын, – дейді салтанатты жиында «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісіне ие болған «Өскемен жылу желілері» АҚ инженері Людмила.
Бұл күні кәсіби мерекеге орай бірқатар қызметкер «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілерін кеудесіне тақса, тағы бір парасы «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Бұған қоса еңбегімен көзге түскен жерлестерімізге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.
Облыс әкімі қазіргі уақытта өңір энергетиктерінің алдында жауапты міндет тұрғанын атап өтіп, мамандардың ісіне сәттілік тіледі.