KZ
Өскемен
-12°
плотный туман Штиль
498.51 522.84 4.81

ШҚО-да ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

20.11.2023, 18:00 219 Ләззат Қанатқызы

Биыл 19 қараша күні елімізде ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні аталып өтті.

Атаулы мерекеге орай ШҚО-да бүгін салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығының қызметкерлері күні елімізде 1998 жылдан бері аталып келеді. Бұл кәсіби мереке елімізде заңнамалық деңгейде бекітіліп, қараша айының үшінші жексенбісіне белгіленген.

- Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын әлі де дамыту керек. Мәселен, қазір бізде тамшылатып суғару әдісі кенжелеп тұр. Сондай тың әдіс-тәсілдерге жіті көңіл бөлуге тиіспіз. Жалпы, бүгінгі мерекеде әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын және осы саланың облыста дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек екенін айтқым келеді, - дейді Күршім ауданындағы «Сұлтан» шаруа қожалығының баcшысы Марат Шүкенов.

Облыс әкімі өңіріміздің экономикасын, өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ауыл шаруашылығы саласының мамандарын және шаруа қожалықтарының басшыларын «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалдарымен марапаттап, «Құрмет» грамотасын табыстады. 

- Желтоқсан айының аяғында Өскеменде салынып жатқан көтерме-тарату орталығын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Онда орталық ғимараттан бөлек 45 мың тонна көкөніс сақтауға болатын екі қойма болады. Сол сауда орталығында әр аудан өзіне тиесілі орнын алып, өнімдерін көпшілікке ұсына алады. Алдағы уақытта мал базарын ашу жоспарда бар. Шаруа қожалықтардың басшылары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосып қана қоймай, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Әрбір жұмысшының асырап отырған отбасы бар екені белгілі. Сондықтан сіздерге шексіз алғысымды білдіремін, - деп атап өтті өңір басшысы Ермек Көшербаев. 

Салтанатты шара барысында облыс әкімі ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының жаңа басшысы болып тағайындалған Ажар Қаджибекованы таныстырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу